Пластик –табиғатқа төнген қауіп

Сен:

  • пластиктің табиғатқа зиянын түсінесің;
  • биологиялық ыдырайтын материалдар туралы білесің

Тірек сөздер:

  • пластик
  • биологиялық ыдырайтын материал

 

Суреттерді зерделе

Суреттерде қандай көріністер бейнеленген? Бұл жағдайлардың орын алуының себебі неде? Табиғатты қалай қорғауға болады?

Барлық суреттерде пластиктен жасалған заттар бейнеленген. Олар табиғатқа өте үлкен зиян келтіреді, өйткені олар ыдырамайды. Пластик жылдар бойы жерде жатып, суда қалқып жүре береді. Жүздеген жылдар бойы шірімей, топырақты, суды, ауаны бүлдіреді, қоршаған ортаны ластайды. Целлофан мен пластиктен жасалған өнімдер жануарларға үлкен қауіп төндіреді.

Сұрақтарға жауап бер

Пластик қандай қауіп төндіреді?

Планетамыздың жануарлар әлемі неден зардап шегеді?

Оқы, қызық!

Ғалымдар пластикті немен ауыстырсақ деп көп ойланып, жауабын тапты. Олар қоршаған ортаның әсерінен толығымен жойылатын биологиялық ыдырайтын материалдарды ойлап шығарды. Оларға биологиялық ыдырайтын пакеттер, әртүрлі орамалар жатады.

Анықта

Қоршаған ортаны қорғауға сен қандай үлес қоса аласың? Пластикті немен алмастыра аласың?

Орындап көр
-

Биологиялық ыдырайтын материалдан (фетрден) калла гүлін жаса. Ақ, сары және жасыл түсті фетр, ыстық желім тапаншасын, жұқа сым дайындап қой.

1. Ақ фетрден гүлдің үлкен ақ күлтесін (1-сурет),

жасыл фетрден жапырағын (2-сурет) және

сары фетрден гүланалығын (3-сурет) қиып ал.

-

2. Сары фетрден жасалған гүланалықты сымның ұшына желімде. Гүланалығы бар сабақ дайын болды (4-сурет).

3. Шыққан сабақты үлкен күлтенің түбіне жабыстыр (5, 6-суреттер).

-

4. Күлтеге гүл пішінін беріп, сабаққа орап, желімде (7, 8, 9-суреттер).

-

5. Гүлдің түбіне жасыл жапырақты орап, суреттегідей желімде (10, 11, 12-суреттер).

 

 

Сабақтағы қауіпсіздік ережелері

Қайшымен және ыстық желім тапаншасымен жұмыс істеу кезінде қауіпсіздік ережелерін сақта. Ыстық желім таяқшасының ұшына қолыңды тигізіп алма. Жұмысты аяқтаған соң оны тұғырға қойып, электр желісінен ажырат.

Өз жұмысыңды бағала

-
Гүлді критерийлер бойынша бағала.
1. Барлық бөлшектер мұқият қиып алынған.
2. Күлте, гүланалық және жапырақ ұқыпты әрі берік желімделген.
3. Гүл нәзік әрі үлбірек болып шыққан.

Өзіңді тексер

Целлофан мен пластиктен жасалған бұйымдар жануарларға қандай қауіп төндіреді?

Ғалымдар пластикті ауыстыру үшін не ойлап тапты?

Қоршаған ортаның әсерінен биологиялық ыдырайтын материалдар қандай өзгеріске түседі?

Ыстық желім тапаншасымен жұмыс істеу кезінде қандай қауіпсіздік ережелерін сақтау керек?

Сенің нәтижең

0%